петиция

«Алматы Жастары» бағдарламасының «сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы тұрғын үйден» «сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге» берілуін қарастыру

Автор петиции: Айжан | 29 апреля 2021 г.

Otinish.kz

699
людей уже подписали

Петиция завершена

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! ​Сізге, жастарды қолдау мақсатында 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған «Алматы Жастары» бағдарламасы аясында 2019 жылы 5 жылға сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерлер алған 1040 үміткердің атынан хат жазып отырмыз. Сіздің бастамаңызбен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланып, мемлекетімізде көптеген игі істердің бастамасына айналды. Осы жылы бастау алған «Жұмысшы жастарды жалдамалы пәтермен қамту» бағдарламасы аясында үй алып бір қуанып, көңілімізге сенім мен ертеңімізге деген үміт пайда болғаны рас. Осы қолдау мен көрсетілген көмегіңізге алғыс айтамыз! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев отбасы және жастар саясаты институтын дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының біріне айналуы керек деген міндет қойды. Ал, Сіздің «Жас ұрпақ Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқаруы, әрі прогрестің қозғаушы күшіне айналуы керек», - деген ойыңызды толықтай қолдап, әрі қарай мемлекетіміздің ортақ игілігіе қызмет етуге дайынбыз. Себебі, осы 1040 жалдамалы пәтерді иеленген жастар – жұмыспен қамтамасыз етілген, мемлекетке адал қызмет жасап келе жатқан, толықтай мемлекеттің қуатты негізі салық төлемдерін төлеуші, демографияға үлес қосып келе жатқан, экономикалық көрсеткіштерді жақсартуда ат салысып жүрген, Ата заңымыз бен барлық заңды нормативтік актілердің орындалуын жүзеге асырып жүрген азаматтар. Қазір осы пәтерлерімізде тұрып жатырмыз, бірақ, көңіліміздегі ертеңімізге деген алаңдаушылық басым. Соңғы уақыттағы әлемдегі пандемия жағдайы, әрқайсысымыздың қаржылық, моральдық, психологиялық жай-күйімізге әсер етті. Көбісінің табысы азайып, карантиндік жағдайда 5 жыл уақыттан кейін пәтер алуға жинайтын қаржымызды қысқартып отыр. Көбіміздің үш, төрттен бала-шағамыз да бар. Осы үйлерде тұрып жатқан 1 жылдан астам уақытта дүниеге келген сәбилер саны да артты. Жалпы 1040 азамат Алматы қаласының, жаңа қарыштап келе жатқан Алатау ауданының «Саялы ықшам ауданы», «Ақкент ықшам ауданы», «13-ші ықшам ауданның» тұрғындарымыз. Тұрып жатқан уақытта аудандарымызды көркейтуге, айналамызды абаттандыру мен көгалдандыруға да ат салысып жатырмыз. Арамызда техникалық ғылымдар саласында патент иелері, «Үздік оқытушылар», жеке кәсіпкерлер, медицина саласының үздік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының үздік қызметкерлері, жас болса да қызметіне адал азаматтарымыз көп. Осы айтылғандарды қорытындылай келе, 1040 азаматтың хат жазуға, бас қосуына себеп болған, ортақ мәселеміз – Баспана мәселесі. Сізден, біздің келісімшартта көрсетілген мәртебемізді «сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы тұрғын үйден» «сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге» ауыстыруды сұраймыз! Себебі, біздің 5 жылдан соң жастар санатынан шығып, нарықтағы бағаның өсуіне байланысты, әлемдік пандемия жағдайында, жинаған қаражатымызбен баспаналы болу мүмкіндігіміз төмендейді. 5 жылдан кейін қайтадан біреудің босағасына пәтер жалдап баруға тура келіп, Баспанасыздар қатарын көбейтеміз. Осы жағдайды болдырмау мақсатында Сізден Көмек, Қолдау сұраймыз! Бізге жасаған Сіздің көмегіңіз – Болашаққа жасалған сенімді инвестиция екені анық. Себебі, біз – жастар болып мемлекетімізді Прогреске алып келетін негізгі күшпіз! Алдын-ала жауабыңыз бен бөлген уақытыңызға алғысымыз шексіз!

 

PS Авторлық басылым сақталған.

Фото сурет - ғаламтор желісінен

Otinish.kz

699
людей уже подписали

Петиция завершена
Поделиться